Келестік екі жігіттен 100 келіден астам заңсыз ауланған балық тәркіленді
Түркістан облысының полицейлері 100 келіден астам заңсыз балық аулаған екі тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД-нің ЖПҚБ ТҚПТ инспекторлары мен Келес АПБ ЖПҚ Табиғатты қорғау тобының инспекторы Жанболат Сапарбаев, табиғат байлықтарын қорғау мақсатында бірлескен рейдтік іс-шара жүргізуде. Осындай кезекті тексеріс кезінде заңсыз балық аулаған екі жігіт ұсталды.
Нақтырақ айтсақ, Сырдария өзені жанында орналасқан Қаракөл көлінде белгісіз екі тұрғын балық аулап отырған жерінен анықталады. Тексеру кезінде олардан заңсыз балық ауланған жалпы салмағы 102 келі сазан балығы, бір дана моторлы қайық, үш дана балық аулауға арналған ау тәркіленіп алынды. Балықтар уылдырық шашатын кезеңде балық аулап, табиғатқа залал келтірген екі жігіт АПБ-ға жеткізілді. Олардың екеуі де Келес ауданының тұрғындары болып шықты.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктердін заңсыз аулау) бойынша тіркеуге алып, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарды ҚР заңнамасын бұзбауға және табиғатқа жанашарлықпен қарауға шақырады. Сондай-ақ браконьерлік немесе өзге де экологиялық құқық бұзушылықтар жағдайында әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылғанын еске салады. Егер сіз де браконьерлік деректеріне куәгер болсаңыз немесе қандай да бір ақпаратқа ие болсаңыз, тез арада полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз. Табиғатты аялайық!