Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ішкі істер министрі депутаттардың назарына заң жобасын ұсынды

ҚР ішкі істер министрі депутаттардың назарына заң жобасын ұсынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев депутаттардың назарына “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасын ұсынды.

Министрдің мәлімдеуінше, келісімге 2019 жылы 14 қазанда Баку қаласында қол қойылып, Әзербайжан Парламенті оны 2019 жылғы 13 желтоқсанда бекіткен.

Бұл құжат екі елдің бір-бірімен статистикалық деректер мен ақпараттар алмасуына, заңсыз көші-қон мәселелерін шешуге, қос азаматтықпен күресуге, тәжірибемен бөлісіп, жұмыста практикалық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін болады. Содай-ақ, Қазақстан мен Әзербайжан азаматтарының құқықтық мәртебесі анықталады.

Ерлан Тұрғымбаев өз сөзінде:

– Қазіргі таңда Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы ынтымақтастық артуда. 2018 жылы жылы Қазақстанға Әзербайжаннан 50 мыңға жуық азамат, 2019 жылы – 48 мыңнан астам азамет келген. Ал Қазақстаннан 2018 жылы 28 мың, 2019 жылы 29 мың азамат Әзербайжанға барған. Өкінішке қарай пандемияға байланысты келіп-кететін азаматтар саны азайды, – деп атап өтті.

Еліміздің бас полицейі бұл заңның әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкеп соқпайтыны, қосымша қаражат талап етпейтіні туралы да айтты.

Бүгінгі таңда, Ішкі істер министрлігі көші-қон саласы бойынша 23 халықаралық келісімге қол қойған. Халықаралық деңгейде тағы cегіз келісім дайындалуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру