Байқоңырда пәтер тонаған күдікті ұсталды
Байқоңырда пәтер тонаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Байқоңыр қаласындағы ҚР ІІМ Өкілдігіне 41 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, пәтерін белгісіз біреулер тонап кеткенін айтқан. Жәбірленушінің сөзінше, ұрылар пәтерге балкон арқылы кіріп, жаттығу апаратын, диванын, картинасын қолды қылған. Шығын көлемі шамамен 300 мың теңгені құрайды.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Төретам кентінің 20 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Айғақ заттар алынып, жәбірленушіге қолхат арқылы қайтарылды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлігінің 3-тармақшасына сәйкес (Тұрғын үй-жайға заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.