Қызылорда облысында полицейлер пробация есебіндегі ер адамға көмек көрсетті
Қызылорда облысында полицейлер пробация есебіндегі ер адамға көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz. Қазалы аудандық пробация қызметі дәстүрлі түрде қайырымдылық шараларын өткізуде. Мұндағы мақсат аудандық пробация есебіндегі тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж азаматтарға көмек қолын созу. Аудандық пробация есебіндегі тұрмыс жағдайы төмен, қарт анасымен бірге тұратын Ж., есімді азаматқа полицейлер қайырымдылық көмек көрсетті.
Жуырда аудандық пробация қызметінің есебіне «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен істі болып, төрт жыл бас бостандығынан шектеуге сотталған ер адам есепке алынды. Оның тұрмыс жағдайын зерделеу барысында жағдайы төмен екендігі, қарт анасымен бірге апатты үйде тұратындығы анықталды. Ол өз күшімен үй салып бастаған, алайда қаржының жетіспеушілігіне байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Қазіргі таңда аудандық мәслихат депутаттары қаржылай көмек көрсетіп, ерікті жастар қол ұшын созып, үйді аяқтауға ұйытқы болуда, – деді аудандық пробация қызметінің бастығы Е. Сражатов.
Аудандық пробация қызметі қызметкерлерінің есептегі әрбір адамның әлеуметтік жағдайына бей-жай қарамайды. Бұған дейін есептегі кәмелет жасқа толмаған жасөспірімге азық-түліктей көмек көрсетілген болатын. Аудандық пробация қызметі қылмыс әлеміне табаны тиген адамдардың қоғамға қайта бейімделуі үшін қыруар жұмыстар атқаруда. Соның нәтижесінде, бүгінде үш адам жеке кәсібін ашты. Олар мал шаруашылығымен, құс өсіріп кәсібін дөңгелетіп отыр.