Түркістандық тұрғындардан жарты миллион теңге жымқырған алаяқ ұсталды
Түркістандық полицейлер алаяқтық туралы істі сотқа жолдады. Әйел қала тұрғындарынан алаяқтық жолмен жарты миллионнан астам теңге алып кеткен. Бұл туралы Polisia.kz бағдарламасының кезекті шығарылымында айтылды.
– Түркістан облысы Полиция департаменті Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті бірнеше тұрғын арызданып келді. Яғни, аталған тұрғындар өзінің арызында белгісіз әйел кісі сенімге кіріп, мүгедектікке шығарып беремін деп, жәбірленушілерден 50 мың теңге мен 200 мың теңге аралығында ақшаларын алып, алаяқтық жасап, бой тасалағанын айтып көрсетті, – деді Түркістан облысы ПД КПБ аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Шыңғыс Жайлаубек.
Азаматша өзін тұрғындарға мемлекеттік қызметкер ретінде таныстырып, мүгедектікті алу бойынша құжаттарды ресімдейтіндігін айтқан. Алайда жәбірленушілер одан не құжаттарын, не ақшаларын ала алмай қалған. Осылайша олар полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары алаяқтың ізіне түсіп, оны қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінде ұстады. Күдікті әйел еш жерде жұмыс істемейтіндігін, кәмелетке толмаған екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырғандығын жеткізген.
Тергеушілер ұсталған әйелдің осындай 15 алаяқтық фактісіне қатысы бар екенін анықтады. Іс материалдары сотқа жіберілді.
Түркістан облысында осы жылдың алғашқы үш айында полицейлер 159 алаяқтық дерегін тіркеді.