Ақтөбе облысында полицейлердің 90%-ы вакциналанды
Ақтөбе облысында полицейлердің 90%-ы COVID-19 вакцинасын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 наурыздан бастап Қазақстанда полицейлерді COVID-19-ға қарсы ерікті вакцинациялау жүріп жатыр. Бүгінгі таңда Ақтөбе облысында екі мыңнан астам тәртіп сақшылары егілді, бұл барлық жеке құрамның 90 пайызын құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, бастапқыда екпені дәрігерлер, мұғалімдер алды. Қазіргі уақытта вакцинаны кез-келген адам ала алады. Вакцинациялаумен мүмкіндігінше жергілікті халықты қамту өте маңызды.
– Мен вакцинаның екі компонентімен егілдім, хал-жағдайым жақсы, сондай-ақ менің бүкіл отбасым да екпе алды. Бүгін тәртіп сақшылары азаматтардың алдыңғы шебінде тұр және өз үлгісімен тұрғындарды, жақындарын және өздерін қорғауға дайын екендіктерін көрсетуі тиіс, – деп хабарлады облыстық ПД Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Максимов. – Вакцинация – пандемиямен күресудің ең жақсы тәсілі. Сондықтан, жеке құрам арасында коронавирустық инфекцияның таралу қаупін болдырмау үшін иммундау жүргізіледі. Өйткені, полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтауда алдыңғы қатарда және халықпен тікелей байланыста.