Түркістан облысында карантин талабын сақтамай бизнес-жиналыс өткізгендер анықталды
Түркістан облысында карантин талабын сақтамай бизнес-жиналыс өткізгендер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, бұқаралық іс-шараларға (мерекелік, спорттық, ойын-сауық, мәдени форумдарды, конференцияларды, көрмелерді және т.б) тыйым салынған. Десек те осы шектеулерге мән бермей, адамдардың көп шоғырлануына жол берушілер қатары азаймай отыр. Бірі той-жиын ұйымдастыруды доғармаса, келесілері өз бизнестерін дамыту мақсатында көпшілікті жинап, жиналыстар өткізуде. Мәселен, күнделікті мобильдік топпен рейдте жүрген жетісайлық полицейлер кезекті жиынды анықтап, тоқтатып, жиналған қауымды тарқатты.
Нақтырақ айтсақ, Жетісай қаласындағы оқушылары онлайн оқитын мектептің ғимаратында, нарықтағы белгілі компанияның бірі бизнес серіктестері мен тұрғындарды жинап, жиын өткізген. Осы сәтте Жетісай АПБ ЖПҚ-нің учаскелік полиция инспекторлары түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, отырғандарды қайтарған.
Ал, мектеп директоры мен жиын ұйымдастырушысына ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптары, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша әкімшілік шара көру мақсатында тиісті құжаттар жинақталып, Жетісай аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданған.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға, ең басты байлық – денсаулық екенін естен шығармауға кеңес береді. Індеттің таралуын бодырмау, тосқауыл қою үшін арақашықты сақтап, үнемі бетперделік режимде жүру керектігін ескертеді.