Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Қауіпсіз жол»: Түркістан облысында мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзушылар анықталды

Түркістан облысының полицейлері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзушыларды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысының аумағында ағымдағы жылдың 17 мамыры мен 16 маусымы аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Мұндағы басты мақсат – жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау және жолын кесу, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру, облыс жолдарында апаттылықты төмендету болып табылады. Жедел алдын алу іс-шарасына 500-ге жуық патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, басқа да мүдделі органдардың өкілдері жұмылдырылған.

Жалпы, «Қауіпсіз жол» іс-шарасының алғашқы тәулігінде тәртіп сақшылары 1212 жол ережесін бұзушылықты анықтап, мас күйінде көлік жүргізген тоғыз жүргізушіні ұстады. Қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 203 жүргізуші, қозғалыс кезінде телефонды пайдаланғаны үшін -77, жылдамдықты асырғаны үшін – 22, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін – 41, қарама – қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін – төрт, бағдаршамның тыйым салатын сигналына шыққаны үшін – 14, авариялық жағдай туғызғаны үшін төрт, теміржол өтпелерінен өту ережелерін бұзғаны үшін – үш, техникалық байқаудан өтпегені үшін – 58 және жүргізуші куәлігінен айырылғандары үшін бір құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған қоса тәртіп сақшылары жалған мемлекеттік нөмірі бар екі көлікті ұстады және ЖҚЕ бұзған 213 жаяу жүргіншіге қатысты әкімшілік хаттама толтырды.

Сонымен қатар, тексеру барысында патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған алты жол қауіпсіздігі ережесін бұзушылықты анықтады. Заңсыз қайта жабдықтаудың алты дерегін, екі рейс алдындағы және медициналық тексеруден өтпеу жағдайын анықтады. 36 көлік айыптұрағына қойылды.

Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бзушыларды анықтап, жүргізушілерді әкімшілік жауапкершілікке тартып қана қоймайды. Сондай-ақ барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында буклеттер мен брошюралар таратып, жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы туралы айтып өтті.

Түркістан облысының полицейлері, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге, жолаушыларға ережелерді қатаң сақтап, жылдамдық режимін бұзбауға және қарсы қозғалыс жолағына шықпауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін ұмытпаңыз. Жол қателіктерді кешірмейді!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру