Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында ер азамат 10 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды

Түркістан облысында ер азамат 10 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен жылдың соңында Түлкібас аудандық полиция бөліміне жол апаты орын алғаны жайлы шұғыл хабарлама жетеді. Оқиға орнына шыққан тәжірибелі тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тіркеп, тексеру жұмыстарын бастап кетеді.

Яғни белгілі болғандай Алматы-Ташкент-Термез тас жолында Түлкібас ауданының тұрғыны өзінің басқаруындағы Лада 21144 көлігімен келе жатып, жол ережесін бұзып, Тойота Каролла көлігімен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан Лада 21144 көлігіндегі үш жолаушының бірі қайтыс болған. Ал Тойота Каролла автокөлігіндегі үш адамға ешқандай зиян келмеген. Алайда екі автокөлікке де материалдық шығын келген.

Бірден тиянақты тексеру жұмыстарын жүргізген полицейлер жол апатына кінәлі «Лада» көлігінің жүргізушісін медициналық куәландырудан өткізді. Оның қорытындысы бойынша ер азамат орта дәрежелі алкогольдік мас күйде болғаны анықталды. Бастапқыда «Лада» көлігінің жүргізушісі жасаған іс-әрекетінен жалтарған. Десе де Түлкібас АПБ анықтаушысы Әжібек Андас оқиғаға байланысты үш ай бойы жинаған айғақты заттар мен дәйектердің арқасында күдікті ақыры өз кінәсін мойындады.

Осылайша сотқа дейінгі жинақталған тергеу материалдарын тәжірибелі анықтаушы тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолдады. Нәтижесінде сот шешімімен Лада көлігінің жүргізушісі Түлкібас ауданының 53 жастағы тұрғыны ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан және үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарсы жолаққа шықпау қажет. Жүргізушілер, үнемі жол қауіпсіздігі ережесін орындаса, тәртіпке бағынса, өз өмірі мен жолаушылардың өмірін сақтайтынын естен шығармағаны жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру