Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында мекеме жұмысшысы сеніп тапсырылған әуе байланыс сымдарын сатып жіберді

Түркістан облысының полицейлері сеніп тапсырылған әуе байланыс сымдарын сатып жіберген тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Отырар аудандық полиция бөліміне Арыс сигнализация және байланыс дистанциясы мекемесінен шағым түседі. Жәбірленуші тараптың айтуынша, оларға тиесілі жинаулы тұрған көп мөлшердегі әуе байланыс сымдарының ішінен 520 келісін белгісіз біреулер жымқырып кетіп, 600 мың теңгеге жуық шығын келтірген.

Хабарлама түскен мезетте отырарлық тәжірибелі тәртіп сақшылары орын алған қылмысты ашып, кінәліні анықтауға қатысты шараларға кірісті. Куәгерлерден жауап алды, жақын аймақтарды мұқият тексерді. Полицейлермен жан-жақты жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде күдікті ер адам бір тәулік ішінде анықталып, ұсталды. Ол аталмыш мекеменің жұмысшысы, жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, ауа райының қолайсыздығына байланысты мекемеге тиесілігі сымдар жалғанған көптеген бағаналар құлаған. Осы кезде үзілген сымдар жинақталып, уақытша жұмысшының үйіне қойылған. Алайда, күдікті өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ысырап еткен. Яғни бағалы сымның бір бөлшегін талан-таражға салып, көрші ауылдағы танысына арзан бағаға сатып жіберген. Десек те тәртіп сақшыларының тындырымды тірлігінің арқасында ұрланған сым Шымкент қаласынан табылып, айғақты зат ретінде алынды. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта».

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға бағалы заттарына, мал-мүлкіне қырағы болуды ұсынады. Егер де, сіз, қандай да бір қылмыстың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру