Түркістан облысында карантинге қарамастан жасалған туған күн мен түлектер отырысы тоқтатылды
Түркістан облысында карантинге қарамастан жасалған туған күн мен түлектер отырысы тоқтатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Коронавирус індетінің таралуын болдырмау, алдын алу мақсатында Түркістан облысында мобильдік топтар құрылып, қызмет атқаруда. Мобильдік топ құрамында тәртіп сақшылары да бар. Осындай кезекті тексеріс кезінде Арыс қаласы Саяжай елді мекенінде орналасқан демалыс орнында туған күн болып жатқанын анықтады. Тексеру барысында жиында 50-ден астам қонақ болған. Осыған байланысты санитариялық талаптарды сақтамаған демалыс орнының иесі мен туған күн иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен іс-құжаттары рәсімделді. Жинақталған құжаттар әкімшілік шара көрілу үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары Арыс қаласындағы Тәуелсіздік көшесіндегі үйлердің бірінде болып жатқан түлектер отырысын анықтады. Мектеп бітіруші оқушылардың қоштасу кешіне 50-ге тарта қонақ келген. Карантин талаптарын сақтамай, адамдардың көптеп шоғырлануына жол берген үй иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу) бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Арыс аудандық СЭББ-ға жолданды.
Жалпы жыл басынан бері Арыс ауданында 100-ден астам карантин талабын сақтамағандар анықталған. Оның ішінде 15-і туған күн, той-жиын өткізу деректері бойынша тіркелген.
Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарды коронавирус індетіне байланысты шығарылған қаулы талаптарын сақтауға шақырады. Әлеуметтік арақашықтықты сақтап, бетперделік режимді ұстаныңыздар. Адамдар көп болатын жерлерге бармаңыздар деп кеңес береді.