Түркістан облысында 25 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Түркістан облысының полицейлері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тәулік ішінде 50 құқықбұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетсек, Түркістан облысының аумағында ағымдағы жылдың 17 мамыры мен 16 маусымы аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Мұндағы басты мақсат – жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау және жолын кесу, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру, облыс жолдарында апаттылықты төмендету болып табылады.
Жалпы Отырар ауданы аумағында «Қауіпсіз жол» іс-шарасының бір тәулігінде тәртіп сақшылары 50 жол ережесін бұзушылықты анықтады. Оның ішінде қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін тоғыз жүргізуші, қозғалыс кезінде ұялы телефонды пайдаланғаны үшін үшін, техникалық байқаудан өтпегені үшін жеті және белгіленбеген жерден жолды кесіп өткен бойынша 25 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған қоса тәртіп сақшылары жаяу жүргінші жолағында жаяу жүргіншіге жол бермеу қағидатын бұзғаны үшін бір азаматқа әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырды.
Мәселен, осындай жедел профилактикалық іс-шара барысында Отырар ауданы Шәуілдір ауылының тұрғыны өзінің басқаруындағы Ваз-21072 көлігінің алдыңғы терезелерін күңгірттеп алып басқарып жүргені анықталды. Полиция қызметкерлері көлік жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Түркістан облысының полицейлері, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге, жолаушыларға ережелерді қатаң сақтап, жылдамдық режимін бұзбауға және қарсы қозғалыс жолағына шықпауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін ұмытпаңыз. Жол қателікті кешірмейді!