Маңғыстау полицейлерінің отбасылары арасында сайыс өткізілді
Маңғыстау полицейлерінің отбасылары арасында «Әкем, анам және мен – салауатты отбасы» сайысы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 29 мамыры күні Маңғыстау облысы Полиция департаменті бастығы Жанарбек Бақтыбаевтың бұйрығымен 1 Маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай департамент қызметкерлерінің жанұялары арасында “Динамо” спорт кешенінде “Әкем, анам және мен – салауатты отбасы” атты жарыс өткізілді. Іс-шараны алғысөзбен Маңғыстау облысы ПД Кадр саясаты басқармасының бастығы Қандарбек Бахтыгереев және “Динамо” спорт қоғамының Маңғыстау облысы бойынша филиалының бірінші орынбасары Игорь Садыкин салтанатты түрде ашып, Қазақстан Республикасының әнұраны ойнатылды.
Аталмыш спорттық жарысқа барлығы бес отбасы қатыстырылып, әр түрлі сипаттағы эстафеталар арқылы бақ сынасты. Бұл жарыста отбасылық командалардың кішкентай қатысушылары да белсенді болды. Бірінен-бірі озып тұрған отбасыларға Қандарбек Бахтыгереев, Игорь Садыкин және ПД Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы Нұртас Ешманов төрелік етіп, әділ шешімдерін шығарды.
Байқаудың нәтижесі бойынша, барлық отбасы жүлделі орындар мен номинациялар иеленді. Атап айтсақ, жүлделі бірінші орынды иеленгендер – Баспаевтар отбасы болды. Одан бөлек, өзге де қатысушы командаларға екінші және үшінші орындар табысталды. Номинацияларға келсек, жарыстың екі жасар қатысушысы Калдибаева Данелия “Ең жас қатысушы” номинациясымен марапатталып, “Белсенді отбасы” және “Жеңіске деген жігері үшін” номинациялары да атауына сай қатысушыларға табысталды.
– Барлық қатысушыларды белсенділіктері мен эстафетада көрсеткен көрсеткіштері бойынша бағалап, жүлделі орындарын табыстадық. Ойын өте қызықты әрі тартысты болды. Қатысушылардың барлығының ынта-жігері жоғары деңгейде екендігін көре алдық, – деп атап өтті Қандарбек Бахтыгереев.