Қарағанды облысында 100 мың теңгесі бар әмиянды ұрлаған күдікті қолға түсті
Қарағанды облысында 100 мың теңгесі бар әмиянды ұрлаған әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
31 мамырда 62 жастағы аудан тұрғыны Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының полиция бөліміне жүгінді. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, белгісіз біреу сөмкеден 100 мың теңге көлеміндегі қаражат, жеке куәлік және банк картасы бар әмиянды ұрлап кеткен.
Жәбірленуші өзі тұратын ауылға жолға шыққан, жолай Ботақара кентінің автовокзалына барып, асханадан тамақтанған. Асхана ішінде аз ғана уақытқа сөмкесін қараусыз қалдырған, осы жағдайды пайдаланған ұры сөмкені алып кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті 53 жастағы әйелді анықтап, ұстады.
ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.