Петропавлда шартты-мерзімінен бұрын босатылған 12 адам бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылды
Петропавлда шартты-мерзімінен бұрын босатылған 12 адам бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есептегі адамдармен жұмыс істеу – учаскелік полиция инспекторларының жұмысындағы міндеттердің бірі. Полицияның түрлі есептерінде тұрған Петропавл тұрғындарының арасында 125-сі шартты мерзімінен бұрын босатылған адам. Бас бостандығынан айыру орнында болған кейбір адамдар өткеннен сабақ алмайды.
Ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасының басым бөлігін өтеп шыққан 44 жастағы қала тұрғыны ішкі істер органдарына белгіленуге бармаған, түнде үйінде түнемеген, бұдан басқа да құқық бұзушылықтарға жол берген. Бірде ащы судың буымен жанжал шығарған, бірге тұратын ер адам учаскелік полиция инспекторына жүгінген. Полиция қызметкері Марат Мусин шартты-мерзімінен бұрын босату режимін бұзу бойынша материал жинастырған. Сот әйелді өтелмеген жаза мерзіміне бас бостандығынан айыру орнына жіберу туралы қаулы етті.
Қаладағы жатақханалардың бірінде тұратын шартты-мерзімінен бұрын босатылған 59 жастағы ер адам бөлмесінде притон ұйымдастырып, көршілеріне ұйқы бермеген. Марат Мусин тыныштықты бұзу фактісі бойынша оған бірнеше рет барған. Бірде ер адам масаю деңгейін тексеру үшін медициналық куәландырудан өтуден бас тартып, нұсқауға бағынбаған, бұл әрекеті үшін ол бес тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
Айта кететіні, ол сотта өзін құқықтарын жақсы білетін, заңға бағынатын азамат ретінде көрсетпекші болған. Алайда өзін оң жағынан көрсетпекші болған бұзушының әрекетін бейне тіркеуіштің жазбасы жоққа шығарды. Сот шешімімен ер адам бас бостандығынан айыру орнына қайтарылды.
– Әрбір жағдай – міндеттемелерді жүйелі түрде бұзу, көршілердің мазасын алу, қоғамға қайшы жүріс-тұрыстың нәтижесі. Шартты-мерзімінен бұрын босату – мемлекет тарапынан көрсетілген сенім. Өкінішке орай, оны барлығы бірдей бағаламайды. Қамауда болғанда түзелгендерін көрсеткісі келеді. Қалыпты өмірге оралған соң, заң талаптарын елемей, айналасындағы адамдарды үрейлендіреді. Бұндай жағдайда қорытынды біреу – материал жинастыру және сотқа шартты-мерзімінен босатуды жою туралы ұсынымды жолдау. Жыл басынан Петропавлда 12 қала тұрғынына қатысты шартты-мерзімінен бұрын босату күшін жойды, қазіргі уақытта тағы үш материал сотта, – деді Петропавл қалалық ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.