Басқа көлікке жол бермеген түркістандық жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып кетті
Түркістан облысының полицейлері жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ның кезекші бөліміне Түркістан қаласында болған жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына тез арада жеткен полицейлер Opel Vectra көлігінің көше бойында келе жатып, Daewoo Matiz көлігіне жол бермей, алдына шығып, соқтығысқан. Салдарынан жаяу жүргіншілер жолағында келе жатқан әйел адамды қағып кеткен. Содан соң жеңіл жарақат алған жаяу жүргінші мен Daewoo Matiz көлігінің ішінде болған жолаушы екеуі Түркістан қаласының ауруханаларының біріне жеткізілді. Бүгінде екі азаматшаның да жағдайлары жақсы, үйлеріне қайтарылды.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 345-бабы (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті ер азаматтың бас шарасы қолхатта. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайларын анықтайды.
Жол-көлік оқиғалары мен жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол ережелерін сақтауға кеңес береді. Сондай-ақ жолдарда жылдамдықты асырмау, қарсы жолаққа шығу, маневр жасау ережелерін және ЖҚЕ басқа да ережелерді бұзбау керек.