Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әке жолын жалғаған Нұрдәулет Еділов

23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Polisia.kz редакциясы ішкі істер органдарында адал қызмет атқарып жүрген полицейлер туралы ақпарат ұсынбақ.

Түркістан өңірінде әке жолын қуып, аманат арқалап жүрген тәртіп сақшылары көп. Солардың бірі сарыағаштық – Нұрдәулет Еділов.

Нұрдәулеттің әкесі Әбдікәрім Еділов көп жылдар бойы Сарыағаш ауданында абыройлы еңбек еткен. Полиция майоры өңірдегі қылмыстық ахуалдың тұрақталуына үлкен үлес қосып, зейнетке шықты. Ал, бүгінде көпке үлгі болған дара жолды ұлы қабылдады. Ол да әкесі сияқты адалдығымен, жанкештілігімен көзге түсіп, абырой биігінен көрініп келеді.

Нұрдәулет Еділов Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауылында дүниеге келген. Сарыағаш қаласындағы мектепте білім алған соң, Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «заңгер» мамандығын меңгерді. Сайрам ауданында учаскелік полиция инспекторы болып еңбек жолын бастап, абыройлы қызмет атқарды. Кейіннен Сарыағаш ауданына қызмет ауыстырды. Бүгінде Нұрдәулет Әбдікәрімұлы аға учаскелік полиция инспекторы.

– Қапланбек ауылдық округінде жалпы жеті мыңға жуық үй, 20 мыңнан астам халық бар. Халыққа қызмет көрсететін орталықтар, мекемелер, коммерциялық нысандар орналасқан. Аумаққа Асыл Ережепов, Сапар Айсұлтан, Бекзат Зиябековпен бірге қоғамдық қадағалау жұмыстарын жүргіземіз. Бізге бекітіліп берген Нива көлігімен үнемі көшелерді аралап, халықпен кездесу өткіземіз. Қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырамыз. Түнгі рейдтерге шығамыз. Басты мақсатымыз – қоғамдық тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бұл жолда тәулік талғамай еңбек етеміз, – дейді полиция майоры.

Бүгінде ауылдық округте тіркелген қылмыс саны да жылдан жылға төмендеп келеді. Ашылуы да жақсы. Өткен жылы тіркелген 32 қылмыстың 31 ашылған. Біреуі бойынша қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Төрт түлігін қараусыз қалдыратындар көп. Одан мал ұрлығы жағдайы орын алады. Сондай-ақ, қараусыз қалған мал көшеге шығады. Көгалды құртады. Жолға түсіп жүргізушілерге кедергі келтіреді. Сондықтан тұрғындар төрт түлігін қараусыз қалдырса, айыппұл төлейді. Көпшілік осы жағына назар аудармайды, – дейді ол.

Полиция майоры қызмет бабында қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды анықтаған. Өзі тікелей ұйытқы болып ашқан істері де көп. Соның бірі Сайрам ауданында орын алыпты. Жанармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасаған екі күдіктіні оқиға орнында құрықтаған. Тапанша мен мылтығын тәркілеп, күдіктілерді полиция бөліміне жеткізген.

Жалпы тәртіп сақшысының басынан өткерген мұндай жағдайлары өте көп. Бірақ мақтанып айтуға құштар емес.

Қазіргі кезде Нұрдәулет Әбдікәрімұлының телефоны мен суреті ауылдағы халық көп жүретін орындар мен коммерциялық нысандарда ілулі тұр. Телефоныда тәулік бойы қосулы. Ал, нөмірі ауылдастарының WhatsApp чатына енгізілген. Яғни, кез-келген тұрғын тікелей мәселесін айта алады. Әрі ыңғайлы, әрі тиімді.

– Бұл жүйені қолданып жүргенімізге біршама уақыт болды. Көмек керек адам болса, бірден қол ұшын беруге асығамыз. Халықтың да жағдайын, ауылдағы жаңалықтары біліп отырамыз, – дейді ол.


Нұрдәулет бос уақытын бала тәрбиесіне арнайды. Жұбайы – мектепте мұғалім. Үш ұл-қызды өсіріп отырған жайдары жұпты жерлестері үлгілі отбасы деп біледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру