Жетісайда 3 жыл алдын жасалған ұрлық қылмысы ашылды
Түркістан облысында үш жыл алдын жасалған ұрлық қылмысы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-нің қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті қадағалау барысында, түнгі уақытта бей-берекет жүрген азаматтардың жеке басын анықтау мен профилактикалық іс-шараларды атқарып келеді. Яғни Жетісай АПБ полицейлері полиция бөліміне жеткізілген азаматтарға байланысты тиісті тексеру жұмыстарын жүргізу кезінде, 2021 жылдың маусым айында Асықата кентінде орын алған пәтер ұрлығы бойынша қылмысқа күдікті азаматты анықтады.
Нақты айтар болсақ, Шардара ауданының тұрғыны 30 мамыр 2018 жылы сағат 11:00 шамасында Жетісай қаласы көшелерінің бірінде келе жатып, оңай жолмен ақша табу ойы туындап, тұрғын-үйге заңсыз кіру арқылы бөтеннің мүлкін ұрлаған. Әрі қарай күдікті ойға алған қылмыстық ісін аяғына дейін жеткізу мақсатында жәбірленушінің тұрғын-үйінің ауласында адамдардың жоқтығын пайдаланып, қоршау есігінен кіріп, үйдің жатын бөлмесінің терезесі арқылы жасырын еніп, жәбірленушіге тиесілі алтындар мен 80 мың теңге ақшасын ұрлап, оқиға орнынан бой тасалап кеткен. Жәбірленуші әйелге келтірілген шығын көлемі 300 мың теңгеден асты. Осылайша 2018 жылы Жетісай АПБ ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлігі 3-тармағымен тіркелген ұрлық қылмысы полицейлердің кәсіби шеберлігі арқасында ашылды.
Белгілі болғандай, күдікті жас жігіт ұрлаған алтын әшекейлерді ломбардтардың біріне өткізіп, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Бүгінде өз кінәсін мойындаған күдіктінің бас шарасы «келу туралы міндеттемеде».
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз үйлерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Тіпті аз уақытқа болсын үйден шықсаңыз, сыртқы есіктер мен терезелерді мықтап жауып жүріңіз. Сондай-ақ мүмкіндігінше үйлер мен кіреберістерде бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатыңыз. Пәтер ұрлығы болған жағдайда жедел түрде «102» телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.