Сарыағаш полицейлері 1,2 млн теңгенің тұрмыстық техникаларын жымқырған күдіктіні ұстады
Сарыағаш полицейлері 1,2 млн теңгенің тұрмыстық техникаларын жымқырған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Онда өзінің тұрмыстық техникалар сататын дүкеніне белгісіз біреулер түнгі уақытта кіріп, үш тоңазытқыш және бес кір жуғыш машинасын жымқырып кеткенін көрсеткен. Осы оқиғаға байланысты тәртіп сақшылары хабар алысымен жолға шықты. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап, күдікті ретінде танылған Сарыағаш қаласының тұрғынын ұстады. Сондай-ақ тәртіп сақшылары орта жастағы күдіктіні ПБ-ға жеткізіп, тергеу амалдарын жүргізді.
Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің қол астындағы жұмыскері болып шықты.
Жәбірленуші тұрмыстық техниканы өз жұмысшысына сеніп тапсырған. Алайда күдікті сеніп тапсырылған техникаларды өз пайдасы үшін жымқырып, ізін суытқан. Полицейлер бұл жайтты ҚР Қылмыстық Кодексінің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша тіркеді.
Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 1 200 000 теңге. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күдіктіні қамауға алып, тергеу амалдарын жалғастыруда.