Шымкенттегі «Сергектер» жарты жыл ішінде 19 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркеген
Ағымдағы жылдың алты айлық көрсеткіші бойынша Шымкентте «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені жол қозғалысы ережелерін бұзудың 19 237 дерегін анықтаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– «Сергек» бейнекамералары арқылы автокөлік жүргізушілерінің жылдамдықты асырған фактісі тіркеледі. Көлік жүргізушілерінің мекенжайларына құқық бұзушылықтар туралы хабарлама барған күннен бастап, жеті тәулік ішінде салынған әкімшілік айыппұлдың 50 пайыз мөлшерін төлеу мүмкіндігі бар. «Сергек» жүйесінің әкімшілік айыппұлдарды тіркеуден бөлек, қылмысқа және басқа да құқық бұзушылықтарға қатысы бар автокөліктердің қала аумағындағы қатынасын анықтауға мүмкіндігі бар. Аталмыш бейнекамералар ауа-райының қолайсыз жағдайларына қарамайды. Барлық уақытта бір қалыпты жағдайда жұмыс істейді, – деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Сондай-ақ, «Сергек» бейнекамералары қала ішінде жол-көлік оқиғаларының азаюына септігін тигізіп келеді.