Атырау полицейлері 8 жастағы Парасаттың арманын орындады
Атырау полицейлері сегіз жастағы Парасаттың арманын орындады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция күні мерекесі қарсаңында жергілікті тұрғын Департаменттің ресми парақшасына полиция қызметкері болуды армандайтын және нағыз патрульдік көлікке мінгісі келетін сегіз жасар ұлының қалауымен бөліскен болатын.
Полицейлер баланың анасының өтінішін жерге қалдырмай, балаға ғажайып көңіл-күй сыйлауды жөн көрді. Баланың мекен-жайына патрульдік полиция батальонының қызметкерлері барды. Балақай анасымен бірге үйінің есігінің алдына шыққанда қатты таң қалды. Полицейлер балақайды анасымен бірге қызметтік көліктеріне отырғызып, қаланы аралап, патрульдік автокөлікпен экскурсия ұйымдастырды.
Одан бөлек, кішкентай Парасат үшін бұл күннің ұмытылмастай болғанын қалаған патрульдік полиция батальонының қызметкерлері балаға ойыншықтар табыс етті.
Полиция қызметкері болуды армандайтын Парасат тағдыр тәлкегімен осыдан төрт жыл бұрын жанбас ұршығын зақымдап алып, бүгінгі күнге дейін бірнеше ауыр ота арқылы емделіп, ауыр дертке душар болған.
Полиция қызметкерлері Парасаттың көршілес Түркия еліне емін әрі қарай жалғастыруына қомақты қаражаты жиналып, құлан таза айығып кетуіне тілекші.
Парасаттың еміне қаржылай көмек 8 702 692 47 81 (анасы Гүлжан) нөмірі арқылы көрсетіледі.