Түркістандық полицейлер көлік басқарып келе жатып есінен танып қалған қызға көмектесті
Түркістандық полицейлер көлік басқарып келе жатып есінен танып қалған қызды құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызметтік көлікпен жұмыстарына кіріскен сақшылар, яғни патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторлары полиция аға лейтенанттары Жанали Шатаев пен Ернар Исахов Алматы -Ташкент-Термез жолында шайқалып кетіп бара жатқан Toyota Camry көлігін байқайды.
Қос полицей жүргізушіге көмек керек екенін бірден түсінеді. Арнайы дабылын қосып, көлікті тоқтатады. Рульде отырған бойжеткен екен. Патрульдік полицейлер қыздың есінен танғанын көріп, бірден жедел жәрдемді шақырып, алғашқы медициналық көмекті көрсете бастады.
– Көліктің ары бері қозғалып келе жатқанын байқап, бірден жанына жақындап тоқтаттық. Рульде отырған бойжеткен есін жинай алмай отыр екен. Әріптесіммен бірге тез арада қызды көліктің артқы орындығына жатқызып, қолдары мұздап, жансызданып бара жатқаннан соң, уқалай бастадық. Су беріп, тиісті көмекті көрсеттік. Көп ұзамай жедел жәрдем жетті. Олар келіп, бойжеткенді жақын маңдағы ауруханаға алып кетті. Осыдан соң қыздың ата-анасына хабарласып, көлігін тапсырдық, – дейді Ернар Исахов.
Бүгінде бойжеткеннің жағдайы жақсы, көлік басқарып келе жатып өзін жайсыз сезінген бойжеткен тұтынып жүрген дәрілерін ішкен. Қыздарына тиісті көмекті көрсеткен Түркістанның полицейлеріне бойжеткеннің ата-анасы алғыстарын айтты.