Алматы облысында ҚАЖД қызметкері сауда үйіндегі өрттің алдын алды
Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкері Сандуғаш Ереулиева жоғары кәсібилік пен азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Демалыс уақытында сауда үйіне барған ол бутиктердің бірінен өрт шыққанын байқаған. Сол сәтте Сандуғаш Ереулиева дереу әрекет етіп, келушілер мен қызметкерлерді қауіпсіз жерге эвакуациялауды ұйымдастырды.
Ол қолда бар өрт сөндіргіш құралдарын пайдаланып, өрт сөндіру қызметі келгенге дейін жалынның таралуына жол бермеді.
Жедел әрі сауатты әрекеттің арқасында өрт дер кезінде ауыздықталып, адам өмірі мен мүлікке төнген қауіптің алдын алу мүмкін болды.
Бұл оқиға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кез келген жағдайда кәсіби дайындық пен сергектікті сақтайтынын тағы бір мәрте көрсетті.
Айта кетейік, бұл оқиға Сандуғаш Ереулиеваның дәл туған күнінде болған. Осылайша бұл күн офицердің тек жеке қуанышымен ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында көрсеткен батыл әрі кәсіби әрекетімен есте қалары сөзсіз.
