Жетісу облысында пробация есебіндегі азамат кәсіп бастады
Жетісу облысы Сарқан ауданында пробация қызметінің есебінде тұрған азамат барбершоп ашып, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсете бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есептегі азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекеттік бағдарламалар аясында өз ісін бастау үшін қайтарымсыз қаржылай көмек алған. Бөлінген қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, жұмыс орны толық жабдықталған.
Қазіргі уақытта барбершоп келушілерді қабылдап жатыр. Мұнда аудан тұрғындарына заманауи ерлер шаш қиюы мен сақал күтімі қызметтері ұсынылады.
Мамандардың айтуынша, мұндай қолдау пробация есебіндегі азаматтардың тұрақты табыс тауып, қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік береді.
– Пробация қызметінің негізгі мақсаты – азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу. Ал жеке кәсіп ашу – әлеуметтік бейімдеудің тиімді жолдарының бірі, – деп атап өтті ведомство өкілдері.
