Семей тұрғыны жүргізуші куәлігін оңай жолмен алмақ болып, алаяққа алданды
Семей тұрғыны жүргізуші куәлігін оңай жолмен алмақ болып, алаяққа алданды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың маусым айының басында Семей қалалық Полиция басқармасы Орталық ПБ полициясына 38 жастағы жергілікті тұрғыннан 2021 жылғы 25 қаңтарда таныс емес әйел жүргізуші куәлігін алып беремін деген сылтаумен, алдап оның 137 000 теңге сомасындағы ақша қаражатын иемденгені туралы арыз келіп түсті.
– Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде криминалдық полиция қызметкерлері Семей қаласының 32 жастағы тұрғынын анықтады, ол тергеу барысында кінәсін мойындады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
ШҚО Полиция департаменті алаяқтардың айла-амалдарына түспеуге және қырағы болуға шақырады. Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.