СҚО-да терроризмге қарсы заңнаманы бұзғаны үшін кәсіпорын басшысына айыппұл салынды
СҚО-да терроризмге қарсы заңнаманы бұзғаны үшін кәсіпорын басшысына айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының аумағында террористік тұрғыда осал 577 объекті бар. Оның ішінде стратегиялық, аса маңызды, адамдар көп жиналатын орындар. Олардың қауіпсіздігін СҚО бойынша Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы және жеке күзет ұйымдары қамтамасыз етеді. Бақылау полиция бөліністеріне жүктелген. Жыл басынан облыстық Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері МКҚБ және Күзет қызметін бақылау бөлімімен бірлесе, 32 объектіні тексерді. Шал ақын ауданында орналасқан бір объектіде инженерлік-техникалық жабдықталуына қатысты бұзушылықтар анықталды, атап айтқанда, бейне бақылау камераларының бір бөлігі істен шыққан екен. Объектінің бастығына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 470-бабы (Қазақстан Республикасының күзет қызметі саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша хаттама толтырылды.
– Аталған баптың 1-бөлігімен мемлекеттік күзетілуге жататын объектілердің инженерлік-техникалық нығайтылуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны үшін жаза көзделген, – дейді СҚО Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаев. – Баппен 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Сондай-ақ кемшіліктерді жою туралы ұйғарым шығарылды. Бұндай тексерістер бұрын бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Террористік тұрғыда осал объектілердің жай-күйі – Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының маңызды жұмыс бағыттарының бірі және облыстық полиция ведомствосының бақылауында.