Солтүстікқазақстандық полицейлер Ресейде жүрген үш борышкерді анықтады
Солтүстікқазақстандық полицейлер Ресейде жүрген үш борышкерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Халықаралық келісім аясында СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері шекаралас өңірлерге борышкер немесе алимент төлемеуші ретінде іздеуде жүрген адамдарға қатысты сұрау салады. Ресейлік тәртіп сақшыларымен өзара тығыз іс-қимыл жүзеге асыру нәтижесінде солтүстікқазақстандық полицейлер жыл басынан іздеудегі үш адамның жүрген жерін анықтады.
54 жастағы әйел 2014 жылдан бері іздеуге жарияланған. Оның бір банкіге екі миллион теңгеден астам қарызы болған. Көші-қон қызметінің қызметкерлері шекаралас өңірдегі сот приставтарына іздестіру тапсырмаларын жіберген. Бірлескен іздеу жұмысы нәтижесінде әйелдің жүрген жері, яғни Омбы қаласы анықталды. Қарызды өндіріп алу бойынша шара қабылдау үшін барлық мәліметтер уәкілетті органдарға тапсырылды.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөліміне аудан тұрғынына 500 мыңнан теңгеден астам қаражат қарыз болған 42 жастағы ер адамды іздестіру туралы сот орындаушысының қаулысы келіп түсті. Іздеудегінің РФ аумағында жүргені анықталғаннан кейін оған халықаралық іздеу жарияланып, РФ-ның құзыретті органдарына сұрау салынды. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде ер адамның Тольятти қаласында жүргені белгілі болды. Тағы бір борышкерді полицейлер шекаралас облыстағы Түмен қаласынан іздеп тапты.
Сондай-ақ, бір тәулік ішінде СҚО көші-қон қызметінің полицейлері көрші елдің аумағында үш алимент төлемеушінің жүрген жерін анықтады.