Қарағанды облысында полиция 6 ай бұрын ұрланған жылқыны иесіне қайтарды
Қарағанды облысында полиция алты ай бұрын ұрланған жылқыны иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 сәуірде Қарағанды облысы Ақтоғай ауданына қарасты шаруа қожалықтарының бірінің 44 жастағы басшысы аудандық полиция бөліміне хабарласқан. Оның айтуынша, ақпан айында белгісіз біреу қойшының қыстауынан 12 шақырым жерде жайылымда жүрген жылқыны ұрлап кеткен. Шығын мөлшері 300 мың теңгені құрайды.
Жылқының иесі өзі іздеп табуға тырысқанымен, ұшты-күйлі жоғалған малды таба алмай, полициядан көмек сұраған. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабы (Мал ұрлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жәбірленуші полицияға кеш хабарласып, уақыт өткізіп алғандықтан, ұрланған жылқыны табу мүмкіндігі аз еді. Бірақ Ақтоғай ауданы полиция бөлімінің жедел қызметкерлерінің сауатты іс-қимылы арқасында 12 шілдеде күдікті 33 жастағы ер адам анықталып, ұсталды. Жылқы ұрлаушы кінәсін мойындады.
Белгілі болғандай, күдікті ұрланған жылқыны бір адамға сатып жіберген. Полиция сатып алушыдан жылқыны алып, оны жәбірленушіге қайтарып берді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.