Көлік бөлшектерін ұрлаған 19 жастағы қарағандылық қолға түсті
Көлік бөлшектері мен темір заттарды ұрлаған 19 жастағы қарағандылық жігіт қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 шілдеде Қарағанды қаласының ПБ Жаңа-Майқұдық полиция бөліміне 50 жастағы қала тұрғынынан арыз түсті. Ол белгісіз біреу көліктің бөлшектері мен темір заттарды ұрлап кеткен деп түсіндірді. Келтірілген шығын мөлшері 375 мың теңгені құрайды.
Үйдің ауласының қоршалмағандығын пайдаланған ұры емін-еркін кіріп, ұрлық жасаған. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
22 шілдеде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті – 19 жастағы жас жігітті анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындап, айғақты заттар алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.