Арал ауданында 5 бас сиырды ұрлап кеткен малшы ұсталды
Арал ауданында бес бас сиырды ұрлап кеткен малшы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мал ұрлығы 15 шілде күні Арал ауданынан 15 шақырым далалық жерде орын алған. Мал иесі жайылымнан қайта келмеген ірі қара малдарын бес күн бойы өзі іздеп, нәтиже болмаған соң полицияға арызданған.
Тексеру барысында аудан аумағында жайылып жүрген бес бас сиырдың жоғалғаны анықталды. Жәбірленушіге келтірілген шығын 600 мың теңге.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қылмысқа осы ауылдың малшысының қатысы бар болып шықты. Айғақ зат ретінде оның қорасынан бір бас сиыр алынды.
Күдікті полиция бөліміне жеткізіліп, оған қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 1-бөлігі бойынша (Мал ұрлау) тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.