Қарағандыда 13 тұрғынды алдап кеткен алаяқ қолға түсті
Қарағандыда 13 тұрғынды алдап кеткен алаяқ қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өзін ІТ-технологиялар саласындағы маман ретінде таныстыра отырып, қаланың 13 тұрғынынан алдап ақша алған ер адам ұсталды.
29 маусымда Қарағанды қаласының ПБ Орталық полиция бөліміне 39 жастағы қала тұрғынынан арыз түсті. Жәбірленушінің айтуынша, бір ер адам алаяқтық жолмен 94 мың теңге ақшасын иемденіп алған. Әлеуметтік желідегі жарнамада өзін ІТ технологиялар саласының маманы, сондай-ақ бейне және аудио жабдықтарын сататын және жөндейтін компанияның маманымын деп таныстырған азамат байланысқа шыққан. Жәбірленуші мультимедиялық жүйені сатып алып, орнатуды жоспарлаған. Алаяқ алдын-ала 94 мың теңге төлеуді талап етіп, тапсырыс берушіден алдын ала ақша алып алған. Ақшаны алғаннан кейін компания өкілі байланысын тоқтатып, хабарсыз кеткен.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
21 шілдеде жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті – 30 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындап, сотқа дейінгі тергеу барысында криминалдық полиция күдіктінің тағы 12 ұқсас қылмысқа қатыстылығын анықтады. Әр тұтынушыға бір жағдайда алаяқ принтерді, екіншісінде ноутбукті жөндеймін деп уәде берген. Жалпы шығынның сомасы 300 мың теңгені құрайды.
Айғақты заттар алынып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.