Карантиндегі кезекті тойлар Мақтааралда тоқтатылды
Түркістан облысының полицейлері бір тәулікте карантин талаптарын өрескел бұзып, той жасаған бес бірдей тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда коронавирус індетінің кең етек алып, жайлауына байланысты карантин режимі орнатылған болатын. Осы тұста полиция қызметкерлері тұрғындардың амандығы үшін рейдтік шараларды жиі ұйымдастыруда. Оның ішінде Мақтаарал АПБ-нің қызметкерлері жергілікті тұрғындардың денсаулықтарына қауіп төнбеуін қатаң бақылауда ұстауда. Яғни күнделікті жүргізіліп жатқан тыңғылықты жұмыстар барысында тәртіп сақшылары бір тәулік ішінде карантин режимін өрескел бұзып, той жасаған бес бірдей тойхананы анықтады.
Толығырақ тоқтала кетсек, Мақтаарал ауданы Атакент кентінің тойханаларының бірінде 120 адам жиналып, бесік тойын өткізгендігі анықталды. Ал енді бір тұрғын өз ауласында 50-ден астам адамды жинап, қыз ұзату тойын жасаған. Сонымен қатар бір уақытта 50-ге жуық тұрғындарды жинап, тойханалардың бірінде құдалық тойын жасаған екі той иесі анықталса, енді бірі 120 адамға арналған бесік той ұйымдастырған. Полиция қызметкерлері карантин талаптарын елемеген тойхана мен той иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша іс құжаттарды жинақтап, Мақтаарал аудандық СЭББ-ға жолдады.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан немқұрайдылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанғандарыңыз жөн.