Мақтаарал полицейлері екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізушіні анықтады
Мақтаарал полицейлері екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал АПБ-ның полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында күнделікті жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруда. Осындай кезекті шара барысында Мақтаарал АПБ полицейлері ішімдік ішіп, көлік басқарған жүргізушіні анықтады.
Полицейлер күндізгі сағат 10:30 шамасында жол ережелерін өрескел бұзып келе жатқан автокөлікті тоқтатады. Оны тексеру кезінде тәртіп сақшылары жүргізушінің мас күйіне күдіктенді. Сонымен қатар автокөлік иесінің бұдан алдын да мас халде көлік басқарғаны үшін жеті жыл мерзімге автокөлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Осыған қарамастан екінші рет алкогольдік масаң халде көлік басқаруына күдіктенген полиция қызметкерлері Сарыағаш ауданының тұрғынына қатысты медициналық сараптама тағайындады. Куәландырудың қорытындысына сәйкес жүргізушінің мас екендігі анықталды.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді. Сонымен қатар жинақталған іс-құжаттарды заңды шешім қабылдау үшін Мақтаарал аудандық сотына жолдады.