Із-түссіз жоғалған петропавлдық банк картасы арқылы табылды
Із-түссіз жоғалған петропавлдық банк картасы арқылы табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері 1 шілде күні үйінен белгісіз жаққа кетіп қалған із-түссіз жоғалған 41 жастағы ер адамның жүрген жерін анықтады.
Полицияға із-түссіз жоғалған бұрынғы күйеуін іздеген Петропавл қалалық Жұмысшы кентінің тұрғыны өтінішпен жүгінді. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді, жоғалғанның таныстары, әріптестері, көршілері сұрастырылды. Ер адамды іздеуге еріктілер де қатысты: фото бағдарлар дайындалып, әлеуметтік желілерге орналастырылды.
Осы арада “102” жедел арнасына қалалық дүкендердің бірінде жоғалған ер адамға тиесілі банк картасымен есеп айырыспақшы болған бір әйел туралы хабарлама келіп түсті.
Полицейлер карта иесінің деректері Жұмысшы кентінде тұратын жоғалған ер адамның мәліметтерімен сәйкес келгенін атап өтті. Көп ұзамай ер адам аман-есен табылды.
Ол таныстарының үйінде, сондай-ақ қала маңындағы ауылдардың бірінде болған және жақындарының қоңырауларына әдейі жауап бермеген екен. Қазіргі уақытта ер адам Петропавл қалалық Полиция басқармасы Екінші бөлімінде, мән-жай анықталып, сондай-ақ онымен алдағы уақытта осындай фактілерді болдырмау туралы профилактикалық әңгіме жүргізілуде.
Жыл басынан СҚО полицейлеріне адамдардың із-түссіз жоғалуы туралы 220-дан астам өтініш келіп түскен. Оның 219-ы іздеп табылды. Жоғалғандардың басым бөлігі еріктілер мен бейжай қарамайтын адамдардың қатысуымен “кезекші тәулікте” табылды.