ШҚО-да саяжайдан бірнеше рет ұрлық жасаған ер адам ұсталды
ШҚО-да саяжайдан бірнеше рет ұрлық жасаған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 18 шілдесінде Глубокое ауданының ПБ кезекші бөліміне Өскемен қаласының 53 жастағы тұрғыны Степное ауылындағы бау-бақша қоғамының бірінде орналасқан саяжай үйінің кіреберіс есігінің аспалы құлпын бұзу жолымен белгісіз адамдар тауарлық-материалдық құндылықтарды жасырын ұрлап кеткені туралы өтініш білдірді.
Сондай-ақ ағымдағы жылдың 19 шілдесінде Глубокое ауданының полиция бөліміне Өскемен қаласының 50 және 71 жастағы тұрғындары осындай өтінішпен жүгінді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы қылмыстарды жасады деген күдікпен Өскемен қаласының 35 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Заттай дәлелдемелер алынды.
– Оның Глубокое ауданының аумағында осыған ұқсас үш қылмыс жасауға қатыстылығы анықталды. Келтірілген жалпы шығын сомасы 350 000 теңгеден асады, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Ұрлық фактілері бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу әрекеттеріжүргізілуде.