Қожайынының 24 бас қойын ұрлаған шығысқазақстандықтар ұсталды
Қожайынының 24 бас қойын ұрлаған шығысқазақстандықтар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мал ұрлығына қатысты қылмыстардың алдын алу бағытында ел көлемінде өтіп жатқан «Барымта» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Семей қалалық ПБ Әуезов полиция бөлімі қызметкерлері патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен бірлесіп Семей–Қарауыл тас жолында Зил-130 автокөлігін тоқтатып, тексерген сәтте машина қорабында тиелген ешқандай құжаттары жоқ төрт бас қойды көрді.
Оперативтік қызметкер бұл қойлардың танертең ғана малым жоғалды деп Семей ҚПБ Әуезов ПБ-ға арызбен жүгінген Семей–Қарауыл тас жолынан 78 шақырым қашықтықта орналасқан 45 жастағы шаруа қожалығы иесінің малы болар деген күдікпен жәбірленушіге көрсетеді. Ол бұл малдардың өзінің өрістен жоғалған малдары екенін растады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабының 1-тармағы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері басталады.
– Тергеу кезінде мал иесінің малын бағуға жалданған 34 жастағы екі ер адам 31 жастағы өздерінің семейлік танысымен қылмыстық ойларын жүзеге асырып, оның автокөлігіне өздеріне бағуға сеніп тапсырылған отардан төрт бас қойды базар бағасынан арзанға тиеп бергені анықталады. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші бұлардың 2020-2021 жыл аралығында жәбірленушінің құны 1,2 миллион теңге тұратын жалпы саны 24 бас қойын осындай жолмен ұрлағаны дәлелденді, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Қазіргі таңда күдіктілердің осыған ұқсас ашылмаған басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексерілуде.