Картоннан жасалған жалған нөмірмен жүрген павлодарлық жүргізуші ұсталды
Павлодар облысында жүргізуші картоннан жасалған жалған нөмір үшін жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері күн сайын жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдаланатын бұзушыларды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізеді.
– Аталған бұзушылық ҚР ӘҚБтК 590-бабының 4-бөлімінде қарастырылған, бұл 20 АЕК мөлшерінде айыппұл санкцияларына немесе бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.
Ағымдағы жылы Павлодар облысында полицейлер жалған нөмірлерді қолданғаны үшін 60-қа жуық құқық бұзушыны жазалады.
Мысалы, облыс орталығында полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі күдік тудырған Nissan автокөлігін анықтап, деректер базасын тексеру кезінде мұндай нөмірлік белгісі бар автокөліктің шын мәнінде жоқ екені анықталды. Облыс тұрғынының қарапайым картоннан жасалған жалған мемлекеттік тіркеу белгісін орнатқаны белгілі болды.
Аталған факті бойынша жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 3-бөлімі бойынша әкімшілік іс қозғалды, оған15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.