Қайрат Дəлбеков: «SOS батырмасы» кеңінен қолданылуда
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дəлбеков өңірде «SOS батырмасының» кеңінен қолданылып жатқанын айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz
Туристік полиция Түркістан облысында 2019 жылдан бері қызмет етіп келеді. Яғни облыстың Түркістан қаласы мен Отырар ауданындағы тарихи музейлер орналасқан өңірлерге туристік полиция қызметкерлері бөлініп, туристерге қызмет көрсетуде. Өңірдегі туристік полицияның қызметін жоғары деңгейде іске асыру үшін жасалып жатқан жұмыстар бойынша Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков өз парақшасында айтып, арнайы түсірілген бейнероликпен бөлісті.
– Іске асырылып жатқан тың жобалардың арқасында қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қылмысты болдырмау – басты ұстанымымыз. Туристерге қызмет көрсетіп келе жатқан киелі Түркістан облысында туристік полиция қарқынды қызмет етіп келе жатқанына үш жылдай уақыт болды. Басты мақсат – елімізге келіп жатқан шетел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еліміздің имиджін арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау. Бүгінде аталмыш мақсатты жоғары деңгейде іске асырып, киелі мекенге келген туристерге мүмкіндігінше көмек көрсету мақсатында түрлі жобалар іске асырылуда. Солардың бірі тың жоба «SOS батырмасы», бұл біздің облыста қолданыста! Яғни қауіпке тап болған еліміздің азаматы не болмаса кез келген турист бірден батырмаға қолын апарып басып, орын алған жайт бойынша хабар бере алады. Арнайы хабарлама тікелей полиция қызметкерлерінің жедел желісіне түседі. Оператор бірден жақын маңдағы полиция қызметкерін көмек қажет орынға бағыттап, қылмыс пен тәртіпсіздіктің алдын алады. Мұндай жобалар өз кезегінде туристерге жайлылық пен қауіпсіздіктің қамтамасыз етілгенін білдіреді. Әрі туристер үшін жағдай жасалып жатса, онда болашақта олардың саны одан әрі де артып, еліміз алға дами береді деген сөз, – деп жазды облыстың бас полицейі.
Айта кету керек, туристік полиция қызметкерлері арнайы бейнетіркеуіштермен, планшеттермен, рациямен жабдықталған және олар мемлекеттік тілден бөлек бірнеше шет тілдерін жетік меңгерген.