1 келіден астам кептірілген марихуананы сақтаған түркістандық қамауға алынды
1 келіден астам кептірілген марихуананы сақтаған түркістандық қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен “Қарасора-2021” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бірқатар жедел жұмыстар атқарылды. Жүзеге асырылған әрекеттердің аясында полицейлер есірткі затын заңсыз сақтаған тұрғынды анықтады.
Бұл жайт бірден ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркелді.
Тәртіп сақшылары анықталған ер адамның Қазығұрт ауданының жергілікті тұрғыны екенін білді. Оқиғаның басқа да мән-жайын анықтау үшін тұрғынның мекенжайына шықты. Яғни жергілікті тұрғынның тұрғылықты үйіне барып, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізді.
Тиянақты тінту әрекеттері кезінде ер адамның үйінің ауласындағы сарайынан полиэтилен пакетіне салынған 1 келіден астам есірткі заты мен қолдан жасалған есірткі затын шегуге арналған құрылғы табылды. Есірткі затының қай түрге жататынын нақтылау үшін, тәркіленген зат сараптамаға жолданды.
Осылайша сараптама қорытындысының нәтижесімен есірткі затының “кептірілген марихуана” екені белгілі болды.
Бүгінгі таңда күдікті қамауда. Оған қатысты Қазығұрт АПБ-ның тергеушілерімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өз мерзімінде тергеу оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады.