Түркістан облысында әйел танысының сыртынан несие рәсімдеп, қарызға батырды
Түркістан облысында әйел танысының сыртынан несие рәсімдеп, қарызға батырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын шағым түсіріп, өзінің бұрынғы танысын қылмыстық жауаптылыққа тартуды сұраған. Әйелдің айтуынша, ескі танысы оның атынан заңсыз 90 000 теңге несие алған. Бүгінде бұл қарыз өсіп кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды.
Жедел-іздестіру шараларына кіріскен полицейлер осы құқық бұзушылықты жасаған әйелді табуға қажетті шараларды жүзеге асырды. Соның нәтижесінде алаяқтыққа қатысы бар Сауран ауданының тұрғынын ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Ол өз кінәсін толық мойындады.
Белгілі болғандай, күдікті әйел өзінің басқа банктегі қарызын жабу үшін, танысының жеке мәліметтерін пайдаланып, оның ұялы телефоны арқылы несиеге ұсыныс жіберген. Содан мақұлдаудан кейін, ақшаны өзіне аударып алған. Бүгінде күдіктінің бас шарасы «міндеттемеде».