Қарағанды облысында полицей әйел мен төрт баланы өрттен құтқарды
Қарағанды облысында полицей әйел мен төрт баланы өрттен құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылында түнгі уақытта жеке үйде кенеттен өрт шыққан. Үйдің ішінде Әсемгүл Мамырова және 3 пен 14 жас аралығындағы төрт бала ұйықтап жатқан.
Әр секунд сайын күшейе бастаған өртті бірінші болып учаскелік полиция инспекторы Төлеу Ербол байқап қалып, ойланбастан жанып жатқан үйге кіріп, адамдарды құтқарып қалды.
– Шұғыл әрекет ету қажет болды. Мен бұл үйде көп балалы отбасы тұратынын білетін едім. Қызыл жалынға оранған үйдің бөлмелері түтінге толып, қиындық тудырды, – дейді Төлеу Ербол.
Полицей үйдің иесі мен балаларды тауып, оларды сыртқа шығарған. Отқа оранған үйге екінші рет кіріп, құнды заттар мен құжаттарды да алып шығады.
– Қауіпті сәтте біздің учаскелік полиция қызметкері өзін батыл адам ретінде көрсетті. Өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, ол менің бүкіл отбасымды құтқарды. Бұл үшін Төлеу Ерболға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Әсемгүл Мамырова.