Қарағанды полицейлері есірткі сатқандарды ұстады
Қарағанды қаласының ПБ патрульдік полиция полкінің қызметкерлері бірнеше күн ішінде есірткіге қатысты 3 фактіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Металлистов көшесі бойындағы саябақ аймағында полицейлер күдік тудырған 19 жастағы жас жігітті тексеру кезінде сөмкесінен 16 бөлікке оралған белгісіз зат табылды. Сараптама олардың құрамында синтетикалық есірткінің екі түрі альфа-ПВП және мефедрон екенін анықтады.
Үш күннен кейін автопатруль Ерубаев пен Балқантау көшелерінің қиылысында жүріс -тұрысы күдік туғызған 32 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті полиция көлігін көргенде қашып кетпек болған. Патрульдік полицейлер ұсталған адамнан 47 пакетке бөлініп оралған, белгісіз химиялық затты тапты. Бұл психотропты “пиролидин” зат екені белгілі болды.
Сондай-ақ Степной-2 ықшам ауданында сөмкесіне 17 келіден астам марихуана салып алған 22 жастағы жігіт ұсталды.
Барлық фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы (Есірткі затын сату мақсатында заңсыз алу, сақтау, тасымалдау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.