Алматыда 550 мыңнан астам көлік ресми тіркелген
Қаланың әкімшілік полициясы Алматыда 550 мыңнан астам көліктің ресми тіркелгенін айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдау көрсеткендей, шаһарға күн сайын 300 мыңға жуық басқа қаланың көлігі кіреді.
– Бұл фактор бірінші кезекте қаладағы көлік қозғалысының жағдайы мен апат деңгейіне әсер етеді. Ағымдағы жылдың жеті айында зардап шеккендермен 2 019 жол-көлік оқиғасы тіркелді, нәтижесінде 2 394 адам жарақат алды, тағы 39 адам қайтыс болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға аз. Бұл ретте жол қозғалысы қатысушыларының, оның ішінде жаяу жүргіншілердің тәртібіне ерекше назар аудару қажет, олар жақын жерде реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдерінің болуына қарамастан, жол қозғалысы ережелерінің талаптарына сәйкес келмесе де жол жүру бөлігін өздері үшін ыңғайлы жерде кесіп өтуді жөн көреді. Жолдарда мұндай іс-әрекет жасау – үлкен қауіп болып табылады, әсіресе ірі шаһарда бұған жол берілмейді, – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.
Баяндамашы жыл басынан бері жол қозғалысына қатысушылардың 960 мыңнан астамы жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Оның 1 156-ы – көлікті мас күйінде басқарған жүргізушілер. Сот 1 594 жүргізушіні көлік құралын басқару құқығынан айырды. 1 041 жүргізушіге әкімшілік қамау қолданылды.