«Бидай сатып беремін»: Сарыағашта бірнеше тұрғынды алдап кеткен алаяқ ұсталды
Сарыағашта бірнеше тұрғынды алдап кеткен алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, алаяқтың арбауына түсіп, алданып қалған. Алаяқ жәбірленушінің 1,5 миллион теңге болатын 280 қап ұнын сатып беремін деп алдап кеткен. Бұл аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР-нің Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, шұғыл-іздестіру жұмыстарына кірісті.
Осындай алаяқтық жолмен тұрғынды алдап, өзінің құрығына түсірген күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Куәгерлерден жауаптар алынды. Күдіктінің баруы мүмкін деген жерлер мұқият тексерілді.
Осылайша, жедел-профилактикалық іс-шара барысында ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Тәртіп сақшылары алаяқты өзінің тұрғылықты үйінен тауып, Сарыағаш АПБ-ға жеткізді. Ол жергілікті тұрғын, орта жастағы азамат болып шықты.
Белгілі болғандай, полицейлер күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы барын анықтады. Атап айтсақ, полицейлер күдікті азаматтың бұдан алдын екі тұрғынның 25 тонна бидайы мен 45 дана трубасын сатып беремін деп алдап жымқырып кеткенін растады. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығын 5 миллион теңгені құрады. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.