Елді-мекен маңында заңсыз аң аулаған Ақтөбе облысының тұрғыны ұсталды
Елді-мекен маңында заңсыз аң аулаған Ақтөбе облысының тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Табиғатты қорғау іс-шараларын өткізу кезінде облыстық ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының инспекторларымен және Хромтау ауданының аумағындағы басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, заң бұзушыны ұстады.
28 тамызда Тасөткел ауылдық округінде тіркеу нөмірінсіз, өзімен бірге бір борсық тушасы болған жергілікті тұрғынның басқаруындағы мотоцикл тоқтатылды.
45 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабының 1-бөлігі (Заңсыз аң аулау) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Осы баптың санкциясы, жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және (немесе) аң аулау қағидаларын қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ бұзу-ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Аталған баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған нақ сол бұзушылық – жануарларды аулау құралдары, көлік құралдары және аталған бұзушылықты жасау құралы болып табылған өзге де заттар тәркіленіп, жеке тұлғаларға он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не екі жылға дейінгі мерзімге аң аулау құқығынан айыруға әкеп соғады.