Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері оқу жылының басталуына орай шаралар ұйымдастырды

Түркістан облысының полицейлері оқу жылының басталуына орай шаралар ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өздеріңізге белгілі соңғы бірер жыл аралығында мектептерде сабақ онлайн форматта өткізілді. Яғни коронавирус індетінің өршуінің алдын алу мақсатында шектеу шаралары барынша колданылды. Ал бүгін 1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында, 2021-2022 оқу жылы дәстүрлі форматта бастау алып, мектептерде алғашқы қоңырау соғылды. Осы ретте Түркістан облысында орналасқан 919 мектепке мыңнан астам полиция қызметкерлері кезекшілікке қойылды. Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері, учаскелік полицейлер үлкен жолдардың бойында орналасқан білім ошақтарының алдында тұрып, жаяу жүргіншілер жолағынан өтетін оқушыларға, қала тұрғындарына көмек көрсетті. Сондай-ақ, көшелерде тынымсыз еңбек атқарып жүрген патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысын реттеп, кептелістердің алдын алды. Алатаяқтарымен жол қозғалысын тиянақты реттеген полицейлер жаяу жүргіншілер жолағынан өтушілер мен білім алушылардың алғыстарына бөленді.

Түркістан қаласындағы №13 Ә.Науаи атындағы мектеп-гимназиясының психологы Мухаддас Бергенова:

– Полиция қызметкерлері таңғы сағат 7-ден бері мектеп алдында тұрып балалардың қауіпсіздігін қадағалауда. Ұстаз әрі ата-ана ретінде осы іс-шараны жүргізіп отырған полицейлерге рахметімді айтамын және бұл іс-шара біз үшін де өте маңызды, – деп жылы лебізін білдірді.


Сонымен қатар, аталған мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Шамырза Мадалиев, мектеп алдындағы жолақтан күнделікті өтетін балаларының қауіпсіздігін бақылайтын сақшылар болғандықтан, алаңдамай жүретінін жеткізіп, ақ батасын берді.

Одан ары тәртіп сақшылары бірініші сынып оқушыларымен Жол қозғалысы ережелерін білу бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізді. №31 Абай атындағы мектеп пен №14 Ататүрік гимназиясының оқушыларына ашық сабақтарда жолда қалай дұрыс жүру керек, жол белгілері нені білдіретіндігі айтылды. Сондай-ақ, бүлдіршіндерге жолдардағы жүріс-тұрыстың негізгі ережелері түсіндірілді. Мысалы: жүріс бөлігі тек белгіленген жерлерде болуы керек; тротуармен жүру, жолда ойнамау, әсіресе тәуліктің қараңғы уақытында жүрмеу, бағдаршамның жасыл түсі жанғанда ғана өту.

Оқу жылының басталуы қарсаңында Түркістан облысының аумағында полицейлер республикалық «Абайлаңыз, балалар!» іс-шарасын өткізуде. Осы орайда Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ұлықбек Мылтықов:

– Барлық оқушыларды, ата-аналарды және мұғалімдерді 1 қыркүйек – Білім күнімен құттықтаймын. Біздің облыста 900-ден астам мектеп бар. Ал, «Абайлаңыз, балалар!» іс-шарасы аясында облыста жаңадан 109 орта білім беру мекемелерінің алдына жасанды жол кедергілері мен 349 жол белгілері орнатылды. Оқушылардың жол қозғалысы ережелерін білуі тақырыбында ашық сабақтар өткізілді. Полицейлердің мектептің жоғарғы сынып оқушыларынан құрылған көмекшілері, яғни «Жол қозғалысының жас инспекторлары» жүргізушілерге жол қозғалысы ережесі жазылған жаднамалар таратты. Иә, бүгінгі таңда балалардың қауіпсіздігі полицейлер тарапынан бірінші орында тұр. Ол үшін қажетті деген шаралардың барлығы қолға алынып, тиісті деңгейде атқарылуда. Біздің тарапымыздан облысымыздағы жолдардың барлығы қатаң бақылауда болады, – деп атап өтті.

Түркістан облысының полицейлері атап өткендей, жолдардағы тәртіпті арттыруға бағытталған осындай профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру