Сот 482 павлодарлыққа алкоголь ішуге тыйым салды
Сот 482 павлодарлыққа алкоголь ішуге тыйым салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтар павлодарлық полицейлердің ерекше бақылауында. Күн сайын полицейлер отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстарға жол бермеуге, жасырын бұзушылықтарды және отбасы мүшелерінің құқықтарына қысым жасау фактілерін анықтауға бағытталған іс-шаралар өткізеді.
– Бірінші кезекте, алкогольдік ішімдіктерді асыра пайдаланатын адамдарды, бұрын сотталған азаматтарды, әкімшілік қадағалауға формальды түрде түсетін адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексеруге бағытталған, оларға қатысты қорғау нұсқамалары шығарылған және ерекше талаптар белгіленген. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылы тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтардың 13 фактіге төмендегені байқалады, – бұл туралы онлайн-брифинг барысында Павлодар облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Қайрат Сатыбаев айтып берді.
Тәртіп сақшысы жыл басынан бері отбасылық жанжалдаушыларға қатысты 4439 қорғау ұйғарымы шығарылғанын, мінез-құлыққа 528 ерекше талап қойылғанын, оның ішінде алкогольді ішімдіктерді ішуге тыйым салынғанын – 482, наркологиялық диспансерге мәжбүрлеп емдеуге 232 маскүнем мен нашақор орналастырылғанын атап өтті. Тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтар үшін 2108 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде қорғау нұсқамаларын бұзғаны үшін – 459 адам, ерекше талаптарды бұзғаны үшін – 396 адам және алкогольді ішімдіктерді ішкені үшін – 5912 павлодарлық. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына 23 мыңнан астам маскүнем жеткізілді.
Халықтың маскүнемдігінің алғышарттарының бірі спирттік ішімдіктердің қолжетімділігі екендігін атап өткен жөн. Пайда табу мақсатында жеке кәсіпкерлер оларды тәулік бойы сатады. Ағымдағы кезеңде 119 жеке кәсіпкер жауапкершілікке тартылды.