Қарағандыда кафенің кассасынан 2 миллионға жуық ақша ұрлаған ер адам ұсталды
Қарағандыда кафенің кассасынан екі миллионға жуық ақша ұрлаған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
30 тамызда Қарағанды қаласының ПБ Орталық полиция бөліміне таңғы сағат 07:00 де ірі көлемде ұрлық болғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел жеткен жедел-тергеу тобы белгісіз біреудің кассадағы 1 миллион 700 мың теңгені ұрлап кеткенін анықтады.
Куәгерлердің айтуынша, олар жұмысқа таңертең ерте келген. Бөлмені желдету үшін олар ортақ бөлменің терезесін ашып, өз істерімен айналыса бастайды. Осы сәтті пайдаланған белгісіз біреу ашық тұрған терезе арқылы кіріп, кассадағы ақшаны жымқырып кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде криминалды полиция қызметкерлері күдікті 31 жастағы ер адамды ұстады. Ол өз кінәсін мойындап, ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасуда.