Павлодарда жол апаты салдарынан жолаушы көз жұмды
Павлодарда жол апаты салдарынан жолаушы көз жұмды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 қыркүйекте сағат 04.00-де Павлодар қаласындағы Бакинская-Сұрағанов көшелерінің қиылысында Opel Frontera автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі көлікті басқара алмай, ағашқа келіп соғылды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 35 жастағы жолаушы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
– Анықталғандай, жүргізуші туыстарымен ішімдік ішкен. Осыдан кейін ол мас күйінде көлікті басқаруға отырған. Бұл ретте, барлық туыстар ер адамның мұндай жағдайда рульге отыратынын білген, бірақ оны ешкім тоқтатпаған, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды. Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 345-1-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүргізуші Павлодар қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айта кету керек, жылдың басынан бері Павлодар облысының аумағында 356 ЖКО тіркелген, соның салдарынан 31 адам қаза тапты, тағы 504 адам жарақат алды.