Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлдықтар жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде тауып алған газды тапаншаны полицейлерге тапсырды

Петропавлдықтар жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде тауып алған газды тапаншаны полицейлерге тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының учаскелік полиция инспекторлары 1 қыркүйектен бері 1700-ден аса мекенжайды, оның ішінде сотты болғандар, жанжалқойлар, тұрмысы төмен отбасылар және басқа да есепте тұрғандарды тексеріп шықты. Облыс аумағында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.

Барлық бағыт бойынша жұмыс жандандырылды. Жасөспірімдердің қылмысын алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Полиция қызметкерлері проблемалы отбасыларға барып, ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеудегі міндеттерін естеріне салды. Жасөспірімдердің түнгі қыдырыстары өзекті мәселе болып келеді. ЖПІШ-ның 20 күні ішінде тәртіп сақшылары сағат 23.00-ден кейін заңды өкілсіз үйден тыс жерде жүрген 110 жасөспірімді анықтады. Бала тәрбиесіне неқұрайлық танытқан 66 ата-ана жауапкершілікке тартылды.

Еңбекті заңсыз пайдалануға жол бермес үшін облыстың барлық полицейлері шаруа қожалықтарын, қыстайтын жерлерді және ағаш кесетін орындарды тексеруде. Облыста олардың саны 2800-ден асады, қазіргі уақытта 500-ден астамы тексерілді. Сонымен қатар нақты тұрғылықты жері жоқ адамдармен жұмыс жүргізілуде. ЖПІШ кезінде қабылдау-тарату орнына 12 қаңғыбас орналастырылды. Жұмыстың басқа да өзекті бағыттары – жалға алынған пәтерлерді, қару иелерін тексеру.

Күнделікті жұмыс та тоқтамайды. Тексерісте жүрген полиция қызметкері бірден Бөкетов көшесінен түскен шақыртуға барды. Жуырда пәтер сатып алған отбасы қол жуатынның астынан тапанша салынған пакет тауып алған. Тәртіп сақшылары ерікті түрде тапсыру актісін толтырды. Бұл газды тапанша болып шықты, оны сараптамаға жіберді.

– «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде жұмыстарды күшейту учаскелік полиция инспекторларының жұмысының барлық дерлік бағыттарына қатысты, – дейді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев. – Шараның түпкі мақсаты – құқықтық тәртіпті нығайту және қылмыстың алдын алу. Жалпы, 1 қыркүйектен бастап 1300-ден астам түрлі құқық бұзушылықтар анықталды. Жартысына жуығы алкогольге қарсы заңнаманы бұзумен байланысты. Бұл негізінен ішімдік ішу мен қоғамдық орындарда масаң күйде жүру. Заңсыз сауда фактілері де кездеседі, мысалы, Қызылжар ауданында ауылдық дүкендердің бірінің иесі алкогольді тиісті лицензиясыз сатқаны үшін жауапкершілікке тартылды, 65 литр түрлі алкогольдік өнім тәркіленді. Сонымен қатар, облыста отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 126 заң бұзушылық, ұсақ бұзақылықтың 120 фактісі анықталды. «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 желтоқсанға дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру